Құран кәрімге құрмет

      Құран кәрімді (Мусхафты) басқа кітаптардың ең үстіне қою керек. Құранның үстіне ешнәрсе қоюға болмайды. Құран кәрім оқылып жатқанда, үндемей және құрметпен тыңдау керек. Құранның беттерін, қатарларын, сөздерін және барлық мүбәрәк есімдер мен жазуларын, аяқ асты және төмен жерлерде көрген кезде дереу көтеріп жоғары қою керек.
 
      Құран кәрімге және діни кітаптарға қарай аяқ созу мәкрух болады. Жоғарыда тұрған болса мәкрух болмайды. Құранды оқи алмайтын адамның да қайыр және береке үшін Құран кәрімді үйіне қоюы сауап болады. Құран кәрімді оқу сүннет, ал оқып отырғанды тыңдау парыз кифая болып табылады. Жұмыс істеп жатқандардың арасында және мешітте, намаз оқып жатқандардың жанында жоғары дауыспен Құран кәрімді оқи бастау күнә болады.
 
      Мусхафты қолға алғанда немесе оқығанда дәретті болу керек. Оң қолмен ұстау керек. Тізеден төмен қоюға болмайды. Оқып болғаннан кейін ашық қалдырмау керек. Басқа жұмыспен айналысатын кезде жауып, жоғарыға қойылады. Оқып жатқанда сөйлемеу керек, сөйлеп қойса қайтадан Әузубисмиллаһ... оқып жалғастыру керек. Мусхафты және Құран кәрім жазылған лентаны, үнтаспаны да түрегеп тұрып алу керек. Бұларды да жоғары орындарда сақтау керек.