Омар бин Абдул Азиз

      Әмәуи халифаларының сегізіншісі Абдулазиз бин Мәруанның ұлы. Анасы хазреті Омардың ұлы Асымның қызы. 679 (хижри 60) жылы Мәдинада туылып 720 (хижри 101) жылы уландырылып шәһит етілді.
 
      Омар бин Абдулазиз өте құрметті, ғалым, әділетімен мәшһүр болған теңдесі жоқ тұлғалардың бірі. Жаратылысындағы жомарттығы себебімен адамдардың бәріне мал-мүлкін сарп етіп, ешкімнен көмегін аямайтын еді. Халифа Уәлид бин Абдулмәлик оны 706 ж Харемейнге (Мекке және Мәдина қалаларына) уәли (әкім) етіп тағайындады. 707 ж “Мәсжиди Нәби”-ді (пайғамбарымыздың мешітін) кеңейтіп және түбегейлі жөндеу жұмыстарын жасатты. “Хужра-и саадет”-тің (пайғамбарымыздың кесенесінің) төрт дуалы да құлатылып, жонылған тастармен жаңадан тұрғызылды. Ескі дуалдың негізі ашылып жатқанда хазреті Омардың аяғы көрінді. Мүлдем шірімеген еді. Хужраның (кесененің) сыртынан екінші қатар болып тағы бір дуал тұрғызылды. Бұл дуал бес бұрышты және мүлдем есігі жоқ еді. Дуалдар, тіреулер және төбесі алтынмен безендірілді. Омар бин Абдулазиз 711 жылға дейін Харемейннің уәлисі (әкімі) болды. Халифа Сулейман бин Абдулмәлик екі ұлы бар болғанымен Ахднама (жарғы) жазып, мүһірлеп, Омар бин Абдулазизді өзіне халеф (өзінен кейінгі халифа) етіп тағайындады.
 
      Халифалығы кезіндегі атқарған бүкіл істерінде көз алдына қиямет күнін елестететін. Халықтың ақыларын лайықты түрде орындай алмаудан қатты қорқатын. Мұсылман және мұсылман емес барша тұрғындарға да өте әділ мәміле жасап, атқарған бүкіл істерінде әділеттілікті паш етті. Оның заманында барлық аймақтарда мұсылмандардың саны артты. Ислам әскерлері шығыста және батыста жеңістерге қол жеткізді. Пиреней таулары асып өтіліп, Францияға кірілді. Бүкіл берберлер (Солтүстік Африка халқы) оның заманында мұсылман болды. Андалусияда (Испанияда) халық санағын жүргізіп, өлке топырақтарын әділ түрде халыққа үлестіріп, күшті егін шаруашылығын қалыптастырды. Мұсылман, мұсылман емес барша халқының яғни бүкіл әлеуметтік топтардың сүйіспеншілігіне бөленді.
 
      Омар бин Абдулазиздің құрған бейбітшілік және тыныштық ішіндегі билікті көре алмағандар да бар еді. Бұлар “әһли бидғат”-тан (бидғатшы топтардан) харижилер және мансабынан айрылғандар еді. Халифаны тақтан құлату үшін қызметшісін алдап түсіріп тағамына у қостырады. Омар бин Абдулазиз уланғанын түсінгенінде қызметшісін шақыртты: «Мен саған ешқандай жамандық істемесем де маған бұл қиянатты неліктен істедің? Шыныңды айт мен сені кешіремін» дегенінде, қызметшісі бұл істеген опасыздығына қатты өкініп, жылап: «Ей әмирул-муминин! Маған мың алтын беріп осы қиянатты жасатқызды» дейді. Халифа бұл алтындарды әкелгізіп мемлекет қазынасына қостырды. Қызметшісін кешірді.
 
      Омар бин Абдулазиз төсек тартып, өлім аузында жатқанында бір мезетте жылай бастады. «Не үшін жылап жатсыз, Аллаһу та’аланың көмегімен қаншама сүннеттерді орындадыңыз. Әділеттігіңіз өте үстем болды» дегендерге жауап ретінде «Мен Аллаһу та’аланың алдына бүкіл мемлекеттің есебін беруге шықпаймын ба? Барлық адамдарға әділ мәміле атқара алғаныма сенімді емеспін. Істеген кемшіліктерім де бір бөлек. Әлбетте мен осыдан қорқып жылап жатырмын» дейді. Бір кезде өзін отырғызуын сұрап: «Аллаһым! Мен Өзіңнің берген әмірлік міндетін арқалаған құсырлы адаммын. Қате істерді жасаудан қайтарғаныңмен қарсы шықтым» дегеннен кейін «Лә илаһә иллаллаһ, ғибадатқа лайықты болған тек Аллаһу та’ала» деп жанын тәслім етті. 9 қаңтар 720 жылы Шам қаласының маңындағы Хунасиден жаназасы алынып Хумус маңындағы Дәйр-әс-Симан деген жерге жерленді.
 
      Омар бин Абдулазиздің өліміне бүкіл халық қайғырды. Жаназасының артынан жылаған шіркеу попына: «Бұл кісі сенің дініңде емес қой, неге жылайсың?» деп сұрағанда: «Жер бетінде бір күн бар еді, сол қазір батты. Сол үшін жылаудамын» дейді.
 
      Омар бин Абдулазиз екі жыл бес ай жүргізген халифалығын әділетпен басқарып, Хуләфа-и Рашидиннің жолында болды. Асқан әділдігі себебімен екінші Омар (Омарул-Сани) деген атаққа ие болды.