Еңбекшіл құмырсқалар

/upd/2015/1105/1446716899563b25e323e336.04963333.jpg

Қыстың аяқталып, көктем мезгілінің басталуы – тылсым табиғаттың түрленіп, жасыл баққа оранып, жәндіктермен хайуанаттардың қысқы ұйқысынан оянып тіршілік етуімен басталады. Солардың бірі құмырсқалар. Құмырсқа – жарғаққанаттылар отрядының бір тұқымдасы. Жер шарында кеңінен таралған, тек Қиыр Солтүстікте және Антарктидада ғана кездеспейді. Құмырсқаның 10 мыңдай түрі бар. Денесі бас, көкірек және құрсақтан тұрады. Басы үлкен, жақтары жақсы жетілген, ауыз аппараты кеміргіш. Көкірек бөлімі жіңішке, онда үш жұп аяқтары жақсы жетілген. Көпшілік түрлерінің құрсақ бөлімінде шаншары мен улы бездері жақсы дамыған. Улы бездерінен бөлінетін сұйықтық – құмырсқа қышқылы деп аталады. Құмырсқалар, көбінесе топтасып (10 – 100 мың данасы бірігіп), арнайы илеу жасап, тіршілік етеді. Әрбір илеуде аталық, аналық, “жұмысшы” және “жауынгер” құмырсқалар болады. Олардың иіс, дәм сезуі өте жақсы жетілген. Құмырсқалар илеуін қураған өсімдік сабақтары мен жапырақтарының қалдықтарынан жасайды. Орманда тіршілік ететін құмырсқалар ағашқа өрмелегенде де бірінің артынан бірі тізіліп жорғалайды, мұнда да құмырсқа қышқылы көмектеседі. Қазақстанда көбірек кездесетіні жерден ін қазатын, үйлерде болатын өте ұсақ - үй құмырсқалары (шымалдар), орманда көбірек кездесетін - жирен құмырсқалар, қара құмырсқалар т.б. Орманда тіршілік ететін жирен құмырсқаларды «жыртқыштар» деуге болады. Ол зиянды жұлдызқұрттармен, жауын құрттармен және жалаңаш шырыштармен қоректенеді. Ағаштардағы зиянды жәндіктерді құртып, пайда келтіреді.
Құмырсқалар туралы қызықты мәліметтер:
1. Бір құмырсқа өз салмағынан 10 есе ауыр салмақты көтере алады.
2. Жауынгер құмырсқалар адамдар секілді өз отарларын қорғайды. Кейде отарлар арасында адамдар секілді соғысады. 
3. Құмырсқалар азық табу үшін аңшы құмырсқаларды жібереді. Бұлар жүрген іздерінде құмырсқа қышқылынан тамшы қалдырады, сол иіс бойынша адаспай табады.
4. Жер қозғалар алдында олардың тіршілігі өзгеріске ұшырап, түні бойы қарбаласқа түсетіні анықталған.
5. Құмырсқалар күндіз қоректеніп, түнде ұйықтайды.  
Құмырсқалардың азығы: Әр түрлі ағаш жапырақтары, өлі жәндіктердің денелері және егіннен қалған қалдықтар, құрғақ азықтармен қоректенеді. 
Жұмысшы құмырсқалар әр түрлі азықтарды табу және індерін жасаумен қызметтелсе, жауынгер құмырсқалар дұшпандарға қарсы індерін және патша құмырсқаны қорғаумен міндеттеледі. Аңшы құмырсқалар қажетті қоректік табумен айналысса, ал кішкентай құмырсқалар әлсіз болса да топтасып шабуыл жасаумен өздерінен үлкен жәндіктерді де жығып тастайды. Құмырсқалардың зияны тек азық түліктерге шабуыл жасауымен кейбір түрлерінің адамдарды шағуы болмаса, аса зияны жоқ. Үй құмырсқаларынан құтылудың жолы – құмырсқаға қарсы улағыш дәрілерді себу және кіретін тесіктерін сылап бітеу, терезеге жақын тұрған ағаш бұтақтарын кесу болып табылады. Сонымен қатар газ, су құбырларының жиектерін де бітеу. Олар топтасып жүретіндіктен, бірнеше құмырсқа жүрген жерде қалғандарының да жүретіні белгілі. Құмырсқалар орта есеппен екі немесе үш айға дейін өмір сүреді. Осы уақыттың ішінде өздеріне тән ерекше қасиеттерімен еңбекшіл, белсенділіктерімен өзге жәндіктерден ерекшеленеді.