Аузыңнан кетпес бал дәмі, оның аты шабдалы

/upd/2015/1007/14442049525614d198ac3bd0.43170799.png

     Шабдалы – қызғылт тұқымдас бадам тобына жататан өсімдіктердің жемісі.
       Отаны
Шабдалының отаны нақты белгісіз. Ұзақ жылдар бойы, шабдалының отаны – Иран саналған, өйткені «персик» деген атаудың өзі парсы елін нұсқап тұр емес пе? Бірақ жабайы түрі Қытайда табылғаннан кейін зерттеушілер шабдалының отаны – Қытай деген тұжырымға келген.
Қазіргі кезде шабдалыны субтропикалық және жылы қоңыржай климаттардың көп жерлерінде өсіреді. Шабдалы өсіруден АҚШ бірінші орындағы мемлекет. Қазіргі кезде шабдалының 3000-ға жуық сұрыпы бар.  Шабдалының екі түрі бар: Біріншісінің қабығы түкті, екіншісінікі – тегіс. Ағаштың биіктігі 6 м. Жапырақтары сопақша келген ұзын. Жапырақтары гүлдеп болғаннан кейін шығады. Гүлі қызғылт-күлгін, мәдени түрлерінде ақ, қызыл, ала түстілері де бар. Жемісі пайдалы әрі тәтті, өзіне тән хош иісі бар. Жеміс беру кезеңі мамырдан қазанға дейін созылады. Ерте пісетін сұрыптарына қарағанда, кеш пісетіндері хош иісті, дәмдірек және дәрумендері көп болады. Шабдалы 40-50 жылға дейін өмір сүреді, бірақ ауруға шалдыққыш болғандықтан көбінесе 15-30 жылға дейін өмір сүреді. Шабдалы – жарықсүйгіш өсімдік, көлеңкелі жерде жемістері кішірейіп, дәмсіз болады. Шабдалыны отырғызған кейін 3-5 жылдан соң жеміс бере бастайды. Әр ағаш 30 кг-100 кг-ға дейін жеміс бере алады. Өнімді мол алу үшін жыл сайын бұтақтарын шарпып, сиретіп отыру қажет.
        Құрамы:
Шабдалы қантқа, органикалық қышқылдарға, ферменттерге, өзектерге, илік, азотты және пектинді заттарға, С, В1, Р, РР дәрумендеріне, каротинге, флавоноидтарға, сонымен қатар минералды заттар мен микроэлементтерге бай. Әсіресе, Қырым шабдалысында В2, өзбек шабдалысында Е дәрумені көп болады. Фармацевтика саласында шабдалыны пектиндер мен эфир майын алу үшін қолданады. Шабдалыдан тосап, нәрсу, джем жасайды. Ал сүйектерінен «персико» деп аталатын ликер жасайды.