Жетес бидің кәрілік туралы айтқаны

/upd/2015/0822/144024586055d868649c2d23.25945706.jpg

    Қара кісі руының Жағал деген бір азаматы жасы сексенге келіп қартайып отырған кіші жүз жақайым Жетес бимен әңгіме үстінде:
Иә, Жетеке, сіз сексенге келдіңіз, әрбір он жылды бір белеске қойғанда, не нәрсеге теңер едіңіз? — деген екен.
    Сонда Жетес сәл ойланып алып:
  - Е, қарағым-ай, мен он жасымда асық ойнадым, қызығына тоймадым, қатар балалардың асығын ұтып қоймадым.
    Жиырмаға келдім, бойға жетіп бойладым, онда да балалықты қоймадым.
   Жиырма беске жеттім, жақсы іске сүйіндім, жаман іске күйіндім, барымды бойға киіндім, сұлу қыз-келіншек болса, соған шүйілдім.
   Отызға келдім: қызыл алтайы түлкі болдым, қыран бүркітке алдырмадым, құмай тазыға шалдырмадым, қатар құрбымның көңілін қалдырмадым.
  Қырыққа жеттім: арғымақтай аңқылдадым, тау қырандай шаңқылдадым, ақ алмастай жарқылдадым, дариядай сарқылдадым.
    Елуге келдім: биік бір қара төбенің басына шықтым, алды-артымды тегіс көрдім, бірақ қай жағы алыс, қай жағы жақын екенін біле алмадым.
     Алпысқа жеттім: алты тарау жолға кездестім, қайсысына түсуді білмей дағдарысқа ұшырадым.
  Жетпіске келдім: жеңілгенімді білдім, билікті бала-шағаға бердім, айтқанына көндім, жетегіне ердім.
   Тап осы күні сексендемін: алдым терең құз, артым биік жар, сол жағым – су, оң жағым – от, қалай қарай қозғалсам да, маған тірлік емес-ау! – деген екен.