М-агентсіз бір апта

/upd/2016/0526/14642571475746ca7b71f8d9.18546574.jpg

М-агент. Адам өмірінің небір қымбат сәттерін білдірмей ұрлайтын бұл тілдесу құралынсыз тіршілікті елестету қиын секілді. Әлеуметтік желі болмағанда
күнделікті өміріміз қандай болар еді? Оның келтірер зияны көп пе, әлде пайдасы да бар ма? Өзімді мазалаған осы сұрақтарға жауап алу үшін бір аптаны әлеуметтік желісіз өткізіп, күнделік жүргіздім.
1-күн. Көзімді аша салып телефоныма жүгіретінмін. Бұл жолы өзімді шектеп, пайдалы шаруа істеуге тырыстым. Шынымды айтсам, «агенттегі достарымда не жаңалық, әңгімеден құр қалдым-ау» деген ойлар мазалап, тыным бермеді.
2-күн. Бұрын анам әрең оятушы еді, бүгін өзім ерте тұрдым. Өйткені түнімен әлеуметтік желіде отырмай, ерте ұйқыға жатқан болатынмын.
3-күн. Бүгін көңілім тыныш. Арасында агенттегі достарымды ойлағанмен, күнімді жақын құрбыларыма арнадым. Желіде сөйлескеннен гөрі олармен бірге өткізген уақыт қызығырақ секілді.
4-күн. Бүгінгі күн мен үшін ерекше болды. Күнделікті тіршіліктен бөлек, бос уақытымды рухани білім алуға жұмсадым. Атамның да қызықты әңгімелері бір төбе екен. Бұрын неге байқамағанмын?
5-күн. Жұмада жеті шелпек пісіріп, тіпті, агентті ұмытып кетіппін. Ашуланшақ мінезім бірқалыпқа түсіп, айналама сабырлылық таныттым. Агенттегі достарым мені «жоғалтып» алғандарына таңғалып, қоңырау шалып жатыр…
6-күн. Бүгін әлеуметтік желісіз уақыттың мамыражай болатынына тағы көзім жетті. Бос әңгімеге араласпай, қажетсіз ақпараттармен миымды уламадым. Бір байқағаным - отбасымен бірге ішкен тамақ тәтті болады екен. Бұрын агенттегі әңгімемен тамаққа кешігіп қалып, жалғыз тамақтанатынмын.
7-күн. Міне, бір апта да зырғып өтті. Бұрын-соңды жүзеге асыруға уақыт таппаған шаруаларыма қалай қол жеткізгенімді байқамай да қалыппын. Мысалы, бүгін әкеммен шахмат ойнап, ұттым. Інімді саябаққа ертіп апарып, оның тәтті қылықтарына тәнті болдым.
Күнделік жүргізе отырып байқағаным - агентке кірмегенім телефонымдағы ақшаға да үнем екен. Бірақ алыстағы достарыммен хабар алыса алмадым. Әлеуметтік желіні күнделікті тіршілігіңе араластырмай, белгілі бір шекпен пайдаланаған жөн. Біз оның құлына айналып барады екенбіз. Керісінше, М-агент - біздің қажеттілігімізді өтеуші құрал емес пе?

Жолдаған: Ардагүл Әскербек
10-сынып оқушысы.
Алматы облысы, Сарқан қаласы