Көрші

/upd/2015/0819/143998553655d46f8021c6d8.25020356.jpg

    Бір күні бір патша халықтың жағдайын және өзі туралы не ойлайтындарын білу үшін қаланы серуендеуге шығады. Бірақ өзін ешкім танып қоймау үшін киімдерін алмастырып, қасына бір уәзірін де ертіп шығады. Қыс мезгілі, даланың қақап тұрған кезі. Бір мешітке жолы түсіп келе жатса, көшеде қалтырап отырған, баратын жерлері жоқ екі мүсәпірді көреді. Олардың не деп әңгімелесіп отырғанын тыңдайын деп білдіртпей қастарына келіп тұрады. Мүсәпірдің әзілқойлауы суықтан наразылығын білдіре отырып:
      - Егер де ертең жәннатқа кіретін болсам, ол жерге патшамызды кіргізбес едім! Тіпті жәннаттың дуалына жақындағанын көрсем, аяқкиімімді шешіп, басынан ұрар едім,- дейді. Екіншісі оны қызық көріп:
     - Онда не ақың бар, оны не үшін жәннатқа кіргізбейсің?,- десе,
     - Ешқашан да кіргізбес едім. Өйткені, біз мұнда суықтан үсіп өлейін деп
отырғанда, сарайында рахаттанып жатқан шығар. Біздің жағдайымыздан хабарсыз бола тұрып, қалайша жәннатта менің көршім болмақ. Маған ондай көршінің керегі жоқ,- деп екеуі сықылықтасып күледі. Патша уәзіріне:
     - Бұл мешітті және әлгі екеуін ұмытпа!,- дейді. Сарайға келген соң уәзірлерін мешітке жіберіп, екі мүсәпірді алдыртады. Мүсәпірлер бастарына не келетінін білмей қорқып келсе, оларға мол сый-сияпаттар көрсетіледі. Оларға:
     - Бұл сыйлықтарды алып, патшаларыңа дұға етіңдер. Егер жәннатқа кіру нәсіп бұйырып, сендермен көрші болатын болса, оған еш қарсылық көрсетпеңдер, - делініпті. Бұл патша қандай мейірімді патша десеңші? Сүйікті пайғамбарымыз кедейлерге қол ұшын беріп көмектескендерді мадақтап: «Бір мұсылманды дүниелік қиыншылықтардан құтқарған адамды Раббымыз ахирет қиыншылықтарынан құтқарады»,- деген.